News

National Institute of Intellectual Property

slide
slide
slide
slide
slide
slide
slide
slide
slide
slide
slide

БИЗНЕСТІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ: KAZPATENT АСТАНА КӘСІПКЕРЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАРҒА ҚАТЫСТЫ

19 November, 2026

QNP бизнес-мектебінде кәсіпкерлерге арналған «Бизнесті мемлекеттік қолдау: дамыту және жаңа нарықтарға шығу үшін өзекті құралдар, мүмкіндіктер мен практикалық шешімдер» атты практикалық семинар өтті. Семинар елдің негізгі даму институттарын бір алаңға жинады: іс-шараны «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, QazTrade, QazIndustry, Kazpatent және ҚазСтандарт «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ұйымдастырды.

Кездесудің басты тақырыптарының бірі бизнесті ауқымдандыру кезінде зияткерлік меншікті қорғау болды. Kazpatent сарапшылары қатысушыларға тауар белгілерін Қазақстанда және шетелде тіркеудің қадамдық алгоритмін ұсынды.

Тауар белгілерін алдын ала сараптау басқармасы басшысының орынбасары Арайлым Ильясова ұлттық тіркеу рәсіміне егжей-тегжейлі тоқталды. Спикер брендті құқықтық қорғаудың артықшылықтарын, өтінімдерді рәсімдеу мен беруге қойылатын талаптарды, сондай-ақ сараптаманы жеделдетілген тәртіппен өткізу мүмкіндіктерін түсіндірді. Бизнестің жиі жіберетін қателіктеріне ерекше назар аударылды, олардың ішінде белгіні алдын ала тексермей өтінім беру тәуекелдері, Тауарлар мен қызметтердің халықаралық сыныптамасының (ТҚХС) сыныптарын қате таңдау және құқықтық қорғау алу қиын болып табылатын тым сипаттамалық атауларды пайдалану кірді.

Тауар белгілерін шетелде тіркеу мүмкіндіктері туралы халықаралық тауар белгілерін сараптау басқармасының басшысы Данияр Какимов айтып берді. Ол Kazpatent арқылы бірыңғай өтінім беріп, әлемнің 133 елінде бірден қорғау алуға мүмкіндік беретін Мадрид жүйесінің мүмкіндіктерін таныстырды. Кәсіпкерлерге Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының баждарын есептеу тәртібі, шағын және орта бизнес субъектілері үшін жеңілдетілген тарифтерді қолдану ережелері, сондай-ақ өтінімдерді қадағалауға арналған Madrid Monitor сервисінің мүмкіндіктері түсіндірілді.

Бұдан бөлек, отандық кәсіпкерлер мен өндірушілердің хабардарлығын арттыру мақсатында бағдарламаның жеке бөлімі Қытай Халық Республикасының нарығына шығу ерекшеліктеріне арналды. Schmitt&Orlov Intellectual Property (Eurasia) компаниясының аға заңгері, патенттік сенім білдірілген өкіл Махат Кенесбаев ҚХР заңнамасының талаптары, брендтерді халықаралық (Мадрид) және ұлттық рәсімдер бойынша тіркеу ерекшеліктері, сондай-ақ тауар белгілерін арам ниетпен тіркеуден (сквоттингтен) қорғау тәсілдері мәселелеріне тоқталды.

Семинар соңында сұрақ-жауап сессиясы өтіп, бизнес өкілдері сарапшылардан жеке түсіндірмелер алды. Мұндай кездесулер кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға ықпал етеді және отандық компаниялардың экспортқа шығу кезінде өз брендтерін қорғауға жүйелі көзқарасын қалыптастырады.