National Institute of Intellectual Property
Қазпатент тауар белгісі ретінде тіркеуге мәлімделген белгілерге сараптама жүргізу жөніндегі Нұсқаулықтың пысықталған жобасын ұсынады.
«Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК құқық қолдану практикасында туындайтын мәселелерді ескере отырып, сондай-ақ тауар белгілеріне сараптама жүргізудің әдістемелік тәсілдерін жетілдіру және олардың бірізділігін қамтамасыз ету мақсатында Нұсқаулық жобасының пысықталғанын хабарлайды.
Жобаның 2026 жылғы 28 қазандағы жаңартылған редакциясына 2026 жылғы 31 тамыздағы бастапқы редакциямен салыстырғанда мынадай негізгі өзгерістер енгізілді:
1. Белгілердің айырым қабілетін бағалау тәсілдері нақтыланды.
Бірге жазылған сөздік белгілерге, жарнамалық тіркестерге, қорғалмайтын элементтерге және өзіндік графикалық орындалудағы белгілерге сараптама жүргізу жөніндегі түсіндірмелер толықтырылды.
2. Тұтынушыны жаңылыстыруы мүмкін белгілерді бағалау өлшемшарттары ашып көрсетілді.
Тауарға, оны өндірушіге, сондай-ақ тауардың географиялық шығу тегіне қатысты жаңылыстыру ықтималдығын анықтау тәсілдері егжей-тегжейлі түсіндірілді.
3. Тауар белгілерінің ұқсастығын анықтаудың әдістемелік тәсілдері пысықталды.
Сөздік белгілердің дыбыстық, графикалық және мағыналық ұқсастығын бағалау ерекшеліктері, сондай-ақ құрамдас белгілерді олардың жекелеген элементтерінің рөлін ескере отырып салыстыру тәсілдері нақтыланды.
4. Белгілердің жекелеген санаттарына сараптама жүргізу туралы ережелер толықтырылды.
Тауар белгілерінің серияларымен және жалпыға бірдей белгілі тауар белгілерімен ұқсастықты бағалау ерекшеліктері жеке қарастырылды, сондай-ақ авторлық құқық объектілері мен өзге де қорғалатын объектілерді пайдалану мәселелері нақтыланды.
5. Құқық иеленушілердің келісімдерін ұсынуға қойылатын талаптар нақтыланды.
Қарсы қойылған тауар белгісі иесінің жазбаша келісімін және белгінің жекелеген элементтерін пайдаланудың заңдылығын растайтын құжаттарды ұсыну мәселелері бойынша түсіндірмелер пысықталды.
6. Сараптама жүргізу туралы ережелер жүйелендірілді.
Нұсқаулықтың құрылымы жетілдіріліп, практикалық түсіндірмелер толықтырылды және жекелеген рәсімдік мәселелер нақтыланды.
7. Нұсқаулық ережелеріндегі анықталған қайшылықтар мен сәйкессіздіктер жойылды.
Келіп түскен ескертулер мен ұсыныстарды қарау нәтижелері бойынша жобаның жекелеген ережелері түзетіліп, анықталған қайшылықтар мен екіұшты тұжырымдар жойылды, сондай-ақ тауар белгілеріне сараптама жүргізу кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында әдістемелік тәсілдер нақтыланды.
8. Нұсқаулықтың құрылымы жетілдірілді.
Пайдалануға және қажетті ережелерді іздеуге ыңғайлы болуы үшін Нұсқаулықтың мазмұны бөлімдер, тараулар және тармақшалар бойынша жүйелендірілді. Құжат ішінде бағдарлануды жеңілдететін әрі әдістемелік түсіндірмелерді практикада қолдануды ыңғайлы ететін бірізді нөмірлеу енгізілді.