Тауар белгісін тіркеуге өтінім беру кезінде тауарлар мен көрсетілетін қызметтер атауларының санын айқындау тәртібі туралы ақпараттық хат

National Institute of Intellectual Property

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқықтары комитетінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК (әрі қарай – «ҰЗМИ» РМК) көрсететін қызметтерге жаңа тарифтер қолданысқа енгізді.

Жаңа тарифтерге сәйкес тауар белгісін (қызмет көрсету белгісін) тіркеуге өтінімді қабылдау, өтінімге алдын ала және толық сараптама жүргізу бойынша кешенді қызмет көзделген. Төлем мөлшері мәлімделген тауарлар және (немесе) көрсетілетін қызметтер атауларының саны ескеріле отырып айқындалады және тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді тіркеуге арналған халықаралық сыныптама (ТҚХСЖ) бойынша әрбір сыныпта он атаудан асқан жағдайда ұлғаяды.

Есептеу тәртібінің өзгеруі өтінім берушілердің нақты немесе жоспарланған қызметін ескере отырып, тауарлар және (немесе) көрсетілетін қызметтер тізбесін неғұрлым дәл қалыптастыруға, өтінімдердің сапасын арттыруға, тауар белгілерінің Мемлекеттік тізілімінің өзектілігін сақтауға және өтініш берушінің қызметіне байланысты емес тауарлар және (немесе) көрсетілетін қызметтерді тізбеге енгізуге жол бермеуге бағытталған.


Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер атауларының санын айқындау тәртібі

Қазақстан Республикасының «Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері, географиялық нұсқамалар және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңының 3-1-бабының 2-тармағына сәйкес сараптама ұйымының жұмыстар мен көрсетілетін қызметтеріне бағалар сараптама ұйымы уәкілетті органмен келісу бойынша белгілейді.

«ҰЗМИ» РМК-ның жұмыстар мен көрсетілетін қызметтеріне қолданыстағы бағаларға сәйкес алдын ала және толық сараптама жүргізудің базалық құны ТҚХСЖ-ның әрбір мәлімделген сыныбы бойынша он атауға дейінгі тауарлар және (немесе) көрсетілетін қызметтерді қарауды қамтиды. Көрсетілген саннан асатын, өзіндік маңызы бар әрбір тауар және (немесе) көрсетілетін қызмет атауы үшін қосымша ақы алынады.

«Тауар белгілеріне, қызмет көрсету белгілеріне, географиялық нұсқамаларға және тауарлар шығарылған жерлердің атауларына өтінімдерге сараптама жүргізу қағидаларының» (бұдан әрі — Қағидалар) 5-тармағына сәйкес тауар белгісін тіркеу сұралатын тауарлар және (немесе) көрсетілетін қызметтер тізбесі өтінім беруші тарапынан ТҚХСЖ сыныптары бойынша жіктеледі және топтастырылады.

Қағидалардың 3-тарауының 1-параграфының 7-тармағының 5) тармақшасына сәйкес алдын ала сараптама жүргізу барысында, егер тауарлар және (немесе) көрсетілетін қызметтер тізбесі Қағидалардың 5-тармағының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, сараптама ұйымы алдын ала сараптама жүргізу барысында қосымша немесе нақтылаушы мәліметтерді сұратады.

Тауарлар және (немесе) көрсетілетін қызметтер атауларының саны тізбедегі жолдардың, тармақтардың, үтірлердің, нүктелі үтірлердің, жалғаулықтардың немесе өзге де грамматикалық құралдардың саны бойынша ғана айқындалмайды. Айқындаушы мән мәлімделген тұжырымның мағыналық мазмұнына беріледі.

Қолданыстағы бағаларды қолдану мақсаттары үшін өзіндік маңызы бар тауар және (немесе) көрсетілетін қызметтің атауы деп жеке айқындалуы және тауарлар және (немесе) көрсетілетін қызметтер тізбесіне дербес енгізілуі мүмкін мәлімделген тауардың және (немесе) көрсетілетін қызметтің атауы танылады.

Бір тұжырымда өзіндік мағынасы бар бірнеше тауар және (немесе) көрсетілетін қызмет атаулары тізбектеу арқылы (оның ішінде үтірлер, «және», «немесе» жалғаулықтары немесе өзге де тәсілдер арқылы) біріктірілген жағдайда, мұндай әрбір атау жеке қарастырылады және есепке алынады.

Мысалы:

            «киім, аяқ киім, бас киімдер» - өзіндік мағынасы бар үш тауарлар атауы ретінде есепке алынады;

            «компьютерлер мен мобильді құрылғыларға арналған бағдарламалық қамтамасыз ету» - бір тауар атауы ретінде есепке алынуы мүмкін, себебі мұндай атау тауардың бірыңғай түрін сипаттайды.

Егер тауарлар және (немесе) көрсетілетін қызметтер атауының құрамына кіретін жекелеген сөздер бір тауарға немесе көрсетілетін қызметке қатысты болып, тек оның (оның) мақсатын, қасиеттерін, құрамын, материалын, сипаттамаларын, тауарды дайындау немесе көрсетілетін қызметті ұсыну тәсілін сипаттаса, мұндай тұжырым бір атау ретінде есепке алынады.

Мысалы:

            «жеміс қоспалары қосылған сүт өнімдері» - бір атау ретінде есепке алынады, өйткені қосымша белгілер тауардың бір түрін сипаттайды.

            «құқық саласындағы консультациялық қызметтер» - бір атау ретінде есепке алынады, өйткені бір қызмет көрсету бағыты нақтыланады.

            «фарфордан, керамикадан, фаянстан, терракотадан, балшықтан немесе шыныдан жасалған мүсіншелер» - бір атау ретінде есепке алынады, өйткені аталған тауарлар негізін минералды шикізат (балшық, кварц құмы, дала шпаты немесе силикатты шыны) құрайтын материалдан дайындалады.

Қағидалардың 38-тармағына сәйкес тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесі сұралатын құқықтық қорғау көлемін айқындауға мүмкіндік беретін терминология пайдаланыла отырып, анық және нақты жазылуға және ТҚХСЖ-ға сәйкес жіктелуге тиіс.

Сонымен қатар, егер көрсетілген тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер өзіндік маңызы бар атаулар болып табылса және олар коммерциялық қызметте дербес пайдаланылуы әрі ТҚХСЖ бойынша тізбеде мәлімделуі мүмкін болса, мұндай әрбір атау жеке есепке алынады.

«Атап айтқанда», «үшін», «саласындағы», «қоса алғанда» және өзге де осындай сөздер мен сөз тіркестерін пайдалану өздігінен атаулардың санын айқындамайды. Шешуші мән кейінгі бөліктің мазмұнына беріледі: ол бір тауардың (көрсетілетін қызметтің) сипаттамаларын аша ма, әлде дербес тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесін қамти ма.

Мысалы:

            «сүт өнімдері, атап айтқанда сүзбе, қаймақ, ірімшік» – өзіндік маңызы бар тауар түрлерінің үш атауы ретінде есепке алынады;

            «сүт өнімдері, атап айтқанда сүзбе» – өзіндік маңызы бар бір тауар атауы ретінде есепке алынады.

ДЗМҰ-ның Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер менеджерінде қамтылған тұжырымдар

Ниццк келісімінің тауар белгілерін тіркеуге арналған тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің халықаралық сыныптамасы туралы 1-бабына сәйкес Халықаралық сыныптама сыныптар тізбесін, түсіндірме ескертпелерді және оларға жататын сыныптары көрсетілген тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің әліпбилік тізбесін қамтиды.

Ниццк келісімінің 2-бабының 1-тармағына сәйкес Сыныптаманың құқықтық мәнін Арнайы одақтың әрбір елі айқындайды. Бұл ретте Сыныптама Арнайы одақ елдерін тауар белгісінің құқықтық қорғау көлемін бағалау мәселелерінде байланыстырмайды.

Көрсетілген ережелерден ТҚХСЖ тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді жүйелеуге және олардың сыныптамалық тиесілігін айқындауға арналғаны туындайды. Ниццк келісімі өзіндік маңызы бар тауарлар және (немесе) көрсетілетін қызметтер атауларының санын айқындау тәртібін реттемейді және тауар белгілерін тіркеуге арналған өтінімдерге сараптама жүргізуді қоса алғанда, ұлттық рәсімдердің құнын есептеу қағидаларын белгілемейді. Бұл мәселелер «ҰЗМИ» РМК-ның жұмыстар мен көрсетілетін қызметтеріне қолданыстағы бағалармен реттеледі.

ДЗМҰ-ның Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер менеджері қолайлы тұжырымдарды таңдауға және ТҚХСЖ-ның тиісті сыныптарын айқындауға арналған ақпараттық құрал болып табылады. Менеджерде тиісті тұжырымның болуы оның белгілі бір сынып бойынша жіктелу мүмкіндігін растайды, алайда бұл өздігінен оның құрамындағы өзіндік маңызы бар тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер атауларының санын, он атаудан асатын қосымша атауларды есептеу мақсатында, айқындамайды.

Егер тиісті тұжырым өзіндік маңызы бар бір тауарды немесе бір көрсетілетін қызметті қамтыса, ол бір атау ретінде есепке алынады. Егер тұжырымда іс жүзінде өзіндік маңызы бар бірнеше тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер атаулары қамтылса, олардың әрқайсысы жеке есепке алынады.


Өтінім берушілерге арналған ұсынымдар

Тауарлар және көрсетілетін қызметтер тізбесін қалыптастыру кезінде:

            - нақты немесе жоспарланған қызметке сәйкес келетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді ғана енгізу;

            - нақты және бір мағыналы тұжырымдарды пайдалану;

            - өзіндік маңызы бар бірнеше тауар немесе көрсетілетін қызмет атауларын бір позицияда біріктіруден аулақ болу;

            - қажет болған жағдайда өзіндік маңызы бар тауарлар мен көрсетілетін қызметтер атауларын нүктелі үтірді пайдалана отырып, жеке атаулар ретінде көрсету ұсынылады.

Егер тұжырым тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер санын бірмәнді түрде айқындауға мүмкіндік бермесе немесе бірнеше жеке тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер атауларын қамтыса, өтінім берушіге тауарлар және (немесе) көрсетілетін қызметтер тізбесін белгіленген талаптарға сәйкес келтіру туралы сұрау жіберілуі мүмкін.

Осылайша, атаулар санын айқындау кезінде әрбір тұжырым оның мазмұны мен мәлімделген тауарлар және (немесе) көрсетілетін қызметтердің сипаты ескеріле отырып, жеке қарастырылады.