Жаңалықтар

Ұлттық зияткерлік меншік институты

Раушан Темірханқызы Алчимбаеваның жарқын бейнесі жадымызда (1940-2026 жж.)

08 қазан, 2026

2026 жылғы 7 қазанда зияткерлік меншік саласының білікті маманы, патенттанушы, Қазақстанның патент жүйесінің негізін қалаушылардың бірі, 1992 және 1999 жылдардағы Патент заңдарын, 1993 және 1999 жылдардағы Қазақстан Республикасының «Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы» заңдарын, Еуразиялық патент конвенциясының және Қазақстан Республикасының «Селекциялық жетістіктер туралы» Заңының жобаларын әзірлеуге тікелей қатысқан Раушан Темірханқызы Алчимбаеваның дүниеден өткенін терең қайғыра отырып хабарлаймыз.

Раушан Темірханқызы өмірінің 40 жылдан астам уақытын зияткерлік меншік саласына арнады. 1992–2001 жылдар аралығында 9 жыл бойы Қазақстан Республикасы Патент ведомствосы басшысының орынбасары қызметін атқарды. Осы лауазымда ол еліміздің патент жүйесінің қалыптасуы мен дамуын үйлестіріп, зияткерлік меншік саласының ұлттық және халықаралық деңгейде өркендеуіне елеулі үлес қосты.

Раушан Темірханқызы 1940 жылғы 1 қыркүйекте дүниеге келген. 1963 жылы Дондағы Ростов ауыл шаруашылығы машиналарын жасау институтын «Дәл механика аспаптары» мамандығы бойынша бітіріп, инженер-механик біліктілігін алды. 1971–1973 жылдары Мәскеу қаласындағы Орталық біліктілікті арттыру институтында кәсіби даярлықтан өтіп, патенттанушы біліктілігін иеленді. Ол өзінің білімі мен көпжылдық тәжірибесін Қазақстандағы патент ісін дамытуға арнады.

Раушан Темірханқызының патент саласындағы еңбек жолы 1969 жылы басталды. 1997 жылғы 23 қазанда ол Қазақстан Республикасының патенттік сенім білдірілген өкілдерінің тізілімінде алғашқылардың бірі болып № 3 тіркеу нөмірімен тіркелді.

Жоғары кәсібилігі, мінсіз беделі және өз ісіне деген адалдығының арқасында Раушан Темірханқызы Қазақстандағы және халықаралық деңгейдегі әріптестерінің зор құрметіне бөленді.

Әріптестері мен патент саласының өкілдері оны ақыл-парасаты мол тәлімгер, кәсіби ұстанымына берік маман әрі жүрегі кең, мейірімді жан ретінде әрдайым жадында сақтайды.

Қазпатент Раушан Темірханқызының туған-туыстарына, жақындары мен әріптестеріне қайғырып көңіл айтады және орны толмас қазасына байланысты шын жүректен көңіл білдіреді.

Раушан Темірханқызының жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады.