Ұлттық зияткерлік меншік институты
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқықтары комитетінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК директорының орынбасары Ержан Асқарұлы Жунисов және Өнеркәсіптік үлгілер сараптамасы басқармасының басшысы Салкен Ляззат Қанатқызы Еуразиялық патенттік сенім білдірілген өкілдер Ассамблеясының «Еуразиялық патенттік жүйе. Бүгіні мен болашағы» атты III халықаралық конференциясына қатысты.
Еуразиялық патенттік ведомствоның және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқықтары комитетінің қолдауымен ұйымдастырылған іс шара патенттік сенім білдірілген өкілдерді, сарапшыларды, бизнес өкілдерін және кәсіби қоғамдастық мүшелерін еуразиялық кеңістікте зияткерлік меншік саласын дамытудың өзекті мәселелерін талқылау үшін біріктірді.
Конференция барысында қатысушылар еуразиялық патенттік жүйені дамытудың қазіргі заманғы үрдістерін, құқық қолдану практикасы мәселелерін, зияткерлік меншік саласындағы сот сараптамасын, сондай ақ интернет желісінде және маркетплейстерде контрафактілік өнімнің таралуына байланысты сын қатерлерді талқылады.
Казпатент өкілінің конференцияға қатысуы кәсіби диалогтың маңыздылығын және еуразиялық кеңістікте зияткерлік меншікті қорғау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың өзектілігін көрсетеді.