Жаңалықтар

Ұлттық зияткерлік меншік институты

slide
slide
slide
slide
slide

Қазақстандағы зияткерлік меншік саласындағы бесінші жаз: Алматыда ДЗМҰ Жазғы мектебі ашылды

16 маусым, 2026

2026 жылғы 15 маусымда Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының алаңында Қазақстандағы Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) мерейтойлық бесінші Жазғы мектебінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараны Kazpatent ДЗМҰ қолдауымен және Ұлттық ғылым академиясымен әріптестікте ұйымдастырды. 

Білім беру бағдарламасының ашылуына Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Елена Шевченко мен Kazpatent Даму және халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Инкара Шертышева қатысты. Олар өз сөздерінде қазіргі әлемдегі зияткерлік меншіктің маңыздылығын, сондай-ақ осы салада білікті мамандар даярлаудың өзектілігін атап өтті.

Биыл мектеп тыңдаушылары қатарында академиялық қоғамдастық өкілдері, бизнес саласының мамандары, тәжірибелі заңгерлер, жас мамандар мен студенттер бар. Жобаның географиясы жыл сайын кеңейіп келеді. Биыл тыңдаушылар қатарында Өзбекстаннан келген студент те қатысуда.  

Тыңдаушылар алдында мотивациялық сөз сөйлеген Модангуль Маруповна Тағбергенова өзінің кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, зияткерлік меншік саласындағы білімнің ашатын мүмкіндіктері туралы айтып берді және қатысушыларға екі апталық оқу барысында белсенді әрі нәтижелі жұмыс тіледі.

Мектептің ашылуына орай қатысушыларға Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының өкілі Илья Грибков та құттықтау сөз арнады. Ол ДЗМҰ қызметіне шолу жасап, ұйымның негізгі бағыттары мен басымдықтары, сондай-ақ зияткерлік меншік саласындағы халықаралық жобалар мен бастамалар туралы ақпарат берді.  

Бағдарламаның алғашқы күні қатысушылар Ұлттық ғылым академиясының музейіне барып, Қазақстанның тарихы мен ғылыми мұрасымен танысты. 

Жазғы мектептің ұйымдастырушылары жоба серіктестері мен спикерлеріне ерекше алғыстарын білдіреді. Олардың көпшілігі бірнеше жылдан бері мектепті тұрақты түрде қолдап, өз білімдерімен, практикалық тәжірибелерімен және кәсіби сараптамаларымен бөлісіп келеді. Осындай тұрақты қолдаудың арқасында Қазақстандағы ДЗМҰ Жазғы мектебі зияткерлік меншік саласындағы сарапшыларды, жас мамандарды және кәсіби қоғамдастық өкілдерін біріктіретін танымал халықаралық білім беру алаңына айналды. 

Жазғы мектеп аясындағы оқу екі аптаға созылады: алғашқы кезеңі Алматы қаласында офлайн форматта өтсе, екінші кезеңі онлайн форматта ұйымдастырылады. Оқуды аяқтағаннан кейін ДЗМҰ Академиясының сайтында тіркеліп, оқу бағдарламасын сәтті аяқтаған тыңдаушылар халықаралық үлгідегі сертификаттарға ие болады.