Жаңалықтар

Ұлттық зияткерлік меншік институты

slide
slide

Қазақстан өкілдері Жас өнертапқыштардың халықаралық ассамблеясына қатысты

11 қараша, 2026
10-11 қарашада Великий Новгород қаласында Жас өнертапқыштардың халықаралық ассамблеясы өтті. Ісшараға Ресей, Моңғолия, Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Қырғызстан өкілдері қатысты.

Ассамблеяда Қазақстан атынан «Антиген» ғылыми өндірістік кәсіпорны» ЖШС аға ғылыми қызметкері, «Ветеринариялық медицина» мамандығы бойынша PhD докторы Еркин Крыкбаев және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі ЗМҚК «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталығының патенттік зерттеулер және үйлестіру бөлімінің басшысы Ұлдана Шалабаева қатысты.

Ассамблея аясында жас ғалымдар мен мамандар химия, медицина, электроника, ауыл шаруашылығы, құрылыс және басқа да салалардағы патенттелген әзірлемелерін таныстырды. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы дақылдарын аурулардан қорғауға арналған шешімдер, медициналық құрылғылар, таза су өндіру технологиялары және жаңа құрылыс материалдары болды.

Қатысушылар зияткерлік меншікті құқықтық қорғау мәселелеріне де ерекше назар аударды. Сенімді патенттік қорғау авторлардың ғылыми және өнертапқыштық қызмет нәтижелеріне құқықтарын бекітіп, әзірлемелерді одан әрі дамыту мен енгізуге жағдай жасайды.

Қазақстан өкілдерінің Ассамблеяға қатысуы жаңа ғылыми-техникалық шешімдермен танысуға және басқа елдердің әріптестерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Өнертапқыштық саласындағы халықаралық ынтымақтастық инновацияларды дамытуға, ғылыми қауымдастық пен зияткерлік меншік институттары арасындағы байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.

Ассамблея Новгород мемлекеттік университетінің «Валдай» инновациялық ғылыми-технологиялық орталығында өтті. Ұйымдастырушылар қатарында Еуразиялық патенттік ведомство, Роспатент, Өнеркәсіптік меншік федералдық институты, Новгород облысының үкіметі, Новгород мемлекеттік университеті және басқа да ұйымдар болды.