Ұлттық зияткерлік меншік институты
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» директоры Сабит Ахметов Қытайдың Циндао қаласында өткен «Трансшекаралық ынтымақтастық және зияткерлік меншікті қорғау» атты халықаралық конференцияға қатысты. Іс-шара Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің ғылым және технологиялар саласындағы ынтымақтастығы жөніндегі бірінші конференция аясында ұйымдастырылды.
Қазақстандық делегацияның конференцияға қатысудағы негізгі мақсаты – Қытай және ШЫҰ-ға мүше елдердің серіктестерімен зияткерлік меншік саласындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ технологиялардың трансшекаралық трансфері мен инновацияларды коммерцияландыру тетіктерін дамыту болды.
Өз сөзінде Сабит Ахметов Қазақстанның ұлттық зияткерлік меншік жүйесін дамытуға бағытталған заманауи тәсілдерді таныстырды. Атап айтқанда, институционалдық реформалар, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және авторлық құқықтарды ұжымдық негізде басқару саласына цифрлық шешімдерді енгізу мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар, ол Қазақстан мен Қытай арасындағы зияткерлік меншік саласындағы өзара іс-қимылдың практикалық ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көтеріліп отырғанын атап өтіп, бұл үдеріс технологиялар алмасуға, инновацияларды тартуға және бірлескен жобаларды іске асыруға қосымша мүмкіндіктер ашатынын жеткізді.
Конференция аясында технологиялардың трансшекаралық трансферін құқықтық реттеу мәселелеріне арналған сарапшылық сессиялар да өтті. Kazpatent жанындағы IPR Center басшысының орынбасары Илияс Кабдуллин қатысушыларға Қазақстанның зияткерлік меншік саласындағы заңнамасына енгізілген өзекті өзгерістерді таныстырып, зияткерлік қызмет нәтижелерін құқықтық қорғаудың тиімділігін арттыруға бағытталған цифрлық сервистер мен тетіктер туралы баяндады.
Kazpatent-тің аталған конференцияға қатысуы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және Қазақстанның зияткерлік меншік пен инновациялық даму саласындағы сенімді серіктес ретіндегі ұстанымын нығайту жолындағы маңызды қадам болды.