Жаңалықтар

Ұлттық зияткерлік меншік институты

slide
slide
slide

Казпатент зияткерлік меншік саласындағы цифрлық трансформация жөніндегі ДЗМҰ жаһандық Диалогына қатысты

20 сәуір, 2026

2026 жылғы 14–16 сәуір аралығында Женева қаласында Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (ДЗМҰ) ұйымдастырған ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) мәселелері жөніндегі Жоғары деңгейдегі диалогтың екінші сессиясына ҚР ӘМ ЗМҚК «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК (Казпатент) директоры С.М. Ахметов қатысты.

Сапар аясында Қазақстан Республикасы Әділет вице-министрі Б.Ш. Жақселекованың қатысуымен ДЗМҰ Бас директоры Дарен Тангпен кездесу өтті. Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықты одан әрі тереңдету перспективаларын, цифрлық сервистерді дамыту және зияткерлік меншік жүйесіне озық технологиялық шешімдерді, оның ішінде жасанды интеллект құралдарын енгізу мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ, іс-шара аясында ДЗМҰ жекелеген департаменттерімен Қазақстанның өнеркәсіптік меншік объектілеріне сараптама жүргізу процестерін цифрландыру, деректер алмасу және өзге де бағыттардағы озық тәжірибесін таныстыру мәселелері бойынша екіжақты кездесулер өткізілді.

ДЗМҰ-ның АКТ мәселелері жөніндегі Жоғары деңгейдегі диалогы – әлемнің түкпір-түкпіріндегі зияткерлік меншік ведомстволарының басшылары мен цифрлық даму жөніндегі жетекші мамандарын біріктіретін маңызды халықаралық алаң. Іс-шараның негізгі назарында цифрлық трансформация, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттыру және саланың заманауи әрі орнықты IT-инфрақұрылымын қалыптастыру мәселелері болды.

Сессия барысында жасанды интеллект технологияларын қолдану, киберқауіпсіздік және деректерді тиімді басқару мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар үздік тәжірибелерімен алмасып, зияткерлік меншік ведомстволарының қызметіне инновацияларды енгізудің ортақ тәсілдерін талқылады.

Сондай-ақ, ақпарат мәселелері жөніндегі бас мамандар желісі мен жасанды интеллект құралдары бойынша бірлескен топты қоса алғанда, бейінді фокус-топтардың жұмысына ерекше мән беріледі. Бұл құрылымдар озық шешімдерді әзірлеу және сынақтан өткізу үшін практикалық алаң ретінде қызмет етеді.

Казпатенттің аталған диалогқа қатысуы Қазақстанның зияткерлік меншік саласындағы цифрлық экожүйені дамытуға стратегиялық тұрғыдан бейіл екенін және халықаралық күн тәртібіне белсенді түрде қатысатынын көрсетеді.