Нұр-Сұлтан қаласындағы contact-center: +7 (7172) 62-15-15
Contact-center: +7 777 983 8583
+7 775 708 5328
kazpatent@kazpatent.kz

Оқу орталығы оқыту семинарын өткізді

2020 жылдың 27 ақпанында Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК филиалында «Өнертабыс, пайдалы модель, өнеркәсіптік үлгінің патентке қабілеттілік талаптары, тіркеу рәсімі және оларға қорғау құжаттарын алу» тақырыбында оқыту семинары өтті. Семинар бизнес құрылым өкілдері, отандық өндірушілер мен мүдделі тұлғалар үшін құқықтық түсіндіру жұмысын жүргізу мақсатында өткізілді.

Шараға «С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті», Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, «Химфарм» АҚ, Халықаралық білім беру корпорациясы, «Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты» ЖШС, «А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС өкілдері және басқа да тұлғалар қатысты.

Семинар барысында өнеркәсіптік меншік объектілеріне (өнертабыстар, пайдалы модельдер мен өнеркәсіптік үлгілер) сараптама жасау, тіркеу, қорғау құжаттарын беру және оларды пайдалануға қатысты мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, спикер ретінде Зияткерлік меншік иеленушілері қауымдастығының Президенті Болат Серікұлы Құрманғали «Зияткерлік меншік иеленушілері қауымдастығының көзқарасы бойынша зияткерлік меншік объектілерін коммерцияландыру» тақырыбында баяндама жасады.

Қатысушылар тарапынан қорғау құжаттарын және олардың телнұсқаларын алу, патенттерді күші жоқ деп тану мен олардың күшін алдын-ала тоқтату, өнертабысқа, пайдалы модель мен өнеркәсіптік үлгіге берілген патенттің күшін ұзарту бойынша өтініш беру мен іс қағаздарын жүргізуге қатысты және басқа да сұрақтар қойылды.

Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.